Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA 1000 санатындағы Qatar TotalEnergies Open-2026 турнирінде мінез көрсетті.
Елена 1/8 финалда қытайлық Чжэн Циньвэньді үш сетке созылған тартыста жеңіп, ширек финалға өтті.
Кездесу фаворит үшін оңай болған жоқ. Алғашқы сетте Рыбакина 4:6 есебімен ұтылып қалды. Бірақ кейін ойын ырғағын толық өз қолына алып, екінші партияны 6:2 нәтижесімен алып шықты. Үшінші сет нағыз "жүйке соғысына" айналып, шешуші сәтте қазақстандық теннисші 7:5 есебімен басым түсті.
Ширек финалда Рыбакинаны канадалық жас жұлдыз Виктория Мбоко күтіп тұр. Мбоко бұл кезеңге сенсация жасап жетті. Ол ресейлік Мирра Андрееваны тізе бүктірді.
Дохадағы WTA 1000 турнирі 8–14 ақпан аралығында өтеді. Жалпы жүлде қоры — $4 088 211, ал чемпион атанған теннисші $665 000 және 1000 рейтингтік ұпай алады.
Турнирдің қазіргі чемпионы — америкалық Аманда Анисимова.