Жұптық теннистегі еліміздің үздік теннисшісі Қатардағы турнирді сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші Анна Данилина Катар астанасы Дохада өтіп жатқан беделді турнирдегі өнерін сәтті бастады.
Ол сербиялық Александра Круничпен жұп құрып, алғашқы айналымда канадалық Лейла Фернандес пен франциялық Кристина Младеновичке қарсы кортқа шықты. Тартысты өткен кездесу үш сетке созылып, Данилина мен Крунич 6:2, 4:6, 10:4 есебімен жеңіске жетті.
Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық дуэт сенімді ойын көрсетіп, айқын басымдықпен алға шықты. Алайда екінші сетте қарсыластар қарқынын үдетіп, есепті теңестірді. Чемпиондық тай-брейкте Данилина мен Крунич жинақы әрі нәтижелі ойнап, матч тағдырын өз пайдасына шешті.
Кездесу жалпы 1 сағат 21 минутқа созылды.
Осылайша, Анна Данилина мен Александра Крунич турнирдің ширек финалына жолдама алды. Келесі кезеңде олар аустралиялық Сторм Хантер мен Майя Джойнтпен кездеседі.