Бубликке Австриядағы титулын қорғауға бір қадам қалды (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы
24.07.2026, 19:17

Қазақстанның бірінші ракеткасы Кицбюэльде ATP 250 санатындағы турнирдің финалына жолдама алды. 

kurier.at

Этчеверриді екі сетте жеңді

ATP рейтингінде 11-орында тұрған Бублик финал жолдамасы үшін әлемнің 31-ракеткасы Томас Мартин Этчеверримен кездесті.

Қазақстандық теннисші кездесуді сенімді өткізіп, қарсыласына айтарлықтай мүмкіндік берген жоқ. Есеп: 6:3, 6:4.

Матч 1 сағат 25 минутқа созылды. Бублик екі партияда да шешуші сәттерде тұрақты ойын көрсетіп, турнирдің финалына шықты.

Шешуші матчта Александр Бублик франциялық Кентен Галимен кездеседі.

Франциялық теннисші қазір ATP рейтингінде 83-орында тұр. Финал жеңімпазы Кицбюэльдегі Generali Open турнирінің чемпионы атанады.

Кицбюэльдегі чемпиондық атағын қорғайды

Александр Бублик — аталған турнирдің қазіргі чемпионы. Осылайша ол Кицбюэльдегі титулын қорғауға мүмкіндік алды. Биылғы жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, финалға дейін бірде-бір сетте жеңілген жоқ.

Generali Open турнирінің жалпы жүлде қоры 612 620 еуроға тең. 

Жартылай финалға шыққаны үшін Бубликке 31 955 еуро және ATP рейтингінің 100 ұпайы беріледі.

Ал турнир жеңімпазы 93 175 еуро және 250 рейтингтік ұпай иеленеді.

Реклама
Реклама