Қырғызстан көшпенділер ойындарындағы медаль есебі дауына жауап берді
Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медаль есебіне қатысты пікірталасқа жауап берді.
Министрліктің мәлімдеуінше, көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, елдер арасында ресми медаль және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді.
"Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — этноспорт пен ұлттық спорт түрлерін сақтау, дамыту және насихаттау, сондай-ақ мәдени байланыстар мен халықтар арасындағы достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң. Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекесіне емес, ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегінде бірігуіне негізделген. Сондықтан ойындар қорытындысы бойынша мемлекеттер арасында жалпы медаль есебі жасалмайды", — делінген министрлік мәлімдемесінде.
Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынында 32 алтын, 20 күміс, 22 қола медаль бар. Алайда кейін турнирдің ресми Instagram парақшасында медаль есебінің басқа нұсқасы жарияланды. Онда Қырғызстан 30 алтын, 29 күміс және 13 қола медальмен бірінші орынға қойылып, Қазақстан 29 алтын, 16 күміс және 19 қола жүлдемен екінші орынға орналастырылған.

Фото: instagram/world_nomad_games
Бұл есеп бойынша Қазақстанның медаль саны да бастапқы көрсеткіштен аз болып шыққан. Кейін аталған жарияланым әлеуметтік желідегі парақшадан өшірілді. Енді Қырғызстан тарапы көшпенділер ойындарында ресми жалпыкомандалық және медаль есебі жүргізілмейтінін мәлімдеді.