Халықаралық теннис федерациясы жасөспірімдердің ITF рейтингісін жариялады.
17 жастағы Әмір Омарханов жекелей рейтингте бірден 10 позицияға көтеріліп алғаш рет 4-ші сатыға жайғасты. Осы маусымда қазақстандық Бейжіңдегі J300 турнирін, сонымен қоса бейресми әлем чемпионаты саналатын Orange Bowl турнирін жеңіп алды.
Заңғар Нұрланұлы да жасөспірімдер рейтингінде айтарлықтай жоғарылады. Қазір 16 жастағы теннисші 38-орында (+36) тұр. Нұрланұлы 2024 жылы бірден ірі үш турнирдің чемпионы болды: Измирдегі J100, Шымкенттегі J200 және Латвиядағы J100.
Дәмір Жалғасбай ТОП-100-ге жақындап қалды. Қазір ол 112-ші (+84). Дәмір былтыр Краковтегі турнирде топжарған.
Айта кету керек, Омарханов пен Нұрланұлы жақында Австралия Ашық чемпионатының жасөспірімдер бәсекесінің негізгі кезеңінде өнер көрсетеді. Ал оған дейін Траралгондағы (Австралия) мәртебелі ITF Juniors J300 жарысында бақ сынайды.