Дмитрий Бивол WBC тұжырымы бойынша жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық белдігінен ресми түрде бас тартты.
Енді бұл титулдың жаңа иегері – америкалық боксшы Дэвид Бенавидес. Бұл туралы WBC президенті Маурисио Сулейман Match TV-ге берген сұхбатында мәлімдеді.
22 ақпанда Эр-Рияд қаласында өткен жекпе-жекте Бивол төрешілердің шешімімен Артур Бетербиевті жеңіп, жартылай ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атанған. Бірақ WBC ұйымы ақпан айының соңында Биволдың келесі қарсыласы Дэвид Бенавидес болатынын жариялады. Сейсенбіде тараптар арасында промоутерлік сауда өтуі керек еді. Бірақ Бивол мен оның командасы үшін басты мақсат – Бетербиевпен үшінші рет кездесу ұйымдастыру екені белгілі болды.
Маурисио Сулейман бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдіріп, ресейлік боксшының шешімін салқын қабылдағанын жасырмады:
"Мен жаңа ғана Дмитрий Биволдың адвокатынан WBC-ке жолданған салқын әрі ресми хабарламаны алдым. Ондағы дәйектер шын мәнінде қисынсыз... Бұл жайында ашып айтқым келмейді. Біз Биволға сәттілік тілейміз. Осы арқылы Дэвид Бенавидесті WBC тұжырымы бойынша жартылай ауыр салмақтағы жаңа әлем чемпионы ретінде жариялаймыз", – деді Сулейман.
Қазір 34 жастағы Дмитрий Биволдың кәсіби рингтегі рекорды – 24 жеңіс пен 1 жеңіліс. Ол WBA, WBO және IBF тұжырымдары бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы атақтарына ие.