"Джалоловтың жекпе-жегінде тағы да нокаут болады!" — Тедди Атлас сенсациялық айқас туралы ашық айтты

Редактор Penalty.kz
09.04.2025, 13:55

Танымал америкалық бокс сарапшысы және бапкер Тедди Атлас өз подкастында Токио-2020 Олимпиадасының финалистері — өзбекстандық Баходир Джалолов (15-0, 14 КО) пен америкалық Ричард Торрес (13-0, 11 КО) арасындағы мүмкін болатын реванш туралы пікір білдірді.

fight.24tv.ua

Токио Олимпиадасының аса ауыр салмағында өткен финалда Джалолов Торресті айқын нокаутпен жеңіп, өз мансабындағы алғашқы алтын жүлдені иеленген. Осы кездесуден кейін екеуі де кәсіби бокста сәтті өнер көрсетіп келеді.

Атластың айтуынша:

“Торрес — күміс жүлдегер. Оның финалда жеңілгенін білесіздер ме? Әрине, Жалолов. Ол Торресті Олимпиадада тоқтатқан. Қазір олардың екеуі де жеңіліссіз: Джалолов – 15-0, Торрес – 13-0. Егер екеуі рингте қайта кездессе, мен Джалоловқа сенім артар едім. Себебі ол алыстан жақсы жұмыс істейді. Инсайдта әлсіз, бірақ аутсайдта өте мықты. Торресті жақындағанда ұстап алатыны анық. Олимпиадада дәл солай жеңген», – деді Атлас.

Тедди Атлас. ФОТО vesti.kz

Өткен аптада екі боксшы да өз жекпе-жектерін өткізді:

  • Баходир Джалолов Астанада украиналық Игорь Шевадзуцкиймен жұдырықтасып, ауыр әрі тартысты жекпе-жекте төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіске жетті.
  • Ричард Торрес Лас-Вегаста италиялық Гвидо Вианеллоны дәл осындай шешіммен тізе бүктірді.