Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин үндістандық қыздар құрамасының жас ерекшелігіне қатысты күдігін жасырмады.
Бұл туралы ол журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. Ақпаратты Sportbugin.kz жариялады.
“Үндістандық боксшы қыздар ересектер арасында аса мықты деп айта алмаймын. Олар негізінен жасөспірімдер мен жастар деңгейінде жақсы нәтиже көрсетеді. Бірақ өз басым олардың жасына күмәнмен қараймын”, — деді бапкер.
Сайдалин үнді боксшыларының жас категориясына байланысты мәселені нақты мысалмен түсіндірді:
“Біз 14-15, тіпті 16 жастағы қыздарды жарысқа шығарамыз. Бірақ қарсы бетте ересек көрінетін боксшылар тұрады. Бұл әділетті ме — белгісіз”.
Сайдалин бұл жағдайға байланысты үнді халқының тығыздығын және құжат рәсімдеу жүйесін де мысалға келтірді:
“Кейбіреулер Үндістанда адам саны көп болғандықтан, туу туралы куәліктер кеш беріледі дейді. Мүмкін, сол себепті жас категориясында алшақтық бар шығар. Бірақ бұл нақты дәлелденбеген, тек болжам”.
Сайдалин өз ойын нақты тұжырыммен аяқтады:
“Жалпы алғанда, үндістандық боксшылардан аса қауіптенудің қажеті жоқ. Олармен тең дәрежеде жұдырықтасуға болады”.