Ангелина Лукас әлемнің абсолютті чемпионы атағы үшін рингке шығады (ВИДЕО)
Бұдан бөлек, қазақстандық боксшы жуырда Таразда жекпе-жек өткізбек екен.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы атақтарының иегері Ангелина Лукас алдағы уақытта абсолютті чемпион атағы үшін рингке шығатынын мәлімдеді.
WBO белбеуін қорғау және Таразда тарихи жекпе-жек өткізу жоспары
Инстаграм желісінде жарияланған жазбасында Ангелина Лукас қазіргі уақытта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулын қорғауға дайындалып жатқанын айтты. Сонымен қатар, бұл маңызды жекпе-жекті өзінің туған жері – Тараз қаласында өткізгісі келетінін атап өтті.
«Мен WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағымды қорғауға дайындықты бастап кеттім. Барлық жаңалықтармен жақын күндері бөлісемін. Бұл жекпе-жекті Қазақстанда, туған қалам Таразда өткізуге ниеттіміз. Бұл – тарихи оқиға болмақ», – деп жазды Ангелина.
Ангелина абсолют үшін міндетті үміткер атанды
Ангелина Лукас өзінің мансабындағы маңызды жетістіктердің бірін бөлісе отырып, абсолютті чемпион атағы үшін міндетті үміткер болғанын қуана жеткізді.
«Керемет жаңалығым бар: мен ресми түрде абсолют чемпиондық үшін жекпе-жекке міндетті үміткер атандым. Қазірден бастап дайындықты бастап жатырмыз. Биыл Габриэла Фундорамен жекпе-жек өтетініне сенімдімін. Бұл – ауқымды әрі аңызға айналатын шайқас болмақ», – деді ол.
Лукас статистикасы
Кәсіпқой бокстағы 15 жекпе-жектің 14-інде жеңіске жеткен Ангелина Лукас қарсыластарын жеті рет мерзімінен бұрын тізе бүктірген. Тек бір жекпе-жекте ғана жеңіліс тапқан.