Қазақстан дзюдошылары Азия чемпионатына бас бапкерсіз дайындалып жатыр

Редактор Penalty.kz
10.04.2025, 18:55

Қазақстан ұлттық дзюдо құрамасы Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

offside.kz

Бұған дейін, яғни бір ай бұрын, ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменовтың қызметінен кеткені белгілі болған. Бірақ бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясы (ҚДФ) ресми түрде әлі мәлімдеме жасамады.

Қазір құрамамен итальяндық маман Эцио Гамбаның жүйесі бойынша дайындық жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚДФ-ның атқарушы директоры Айбек Имашев түсініктеме берді:

“Құрама жаттығуды Эцио Гамбаның тәжірибелі жаттықтырушылар құрамымен және қазақстандық мамандармен бірлесіп жүргізуде. Ерлер мен әйелдер құрамасы бірге дайындалып жатыр. Жаттығу жиыны Азия чемпионатына дейін жалғасады”, – деді ол.

Айта кету керек, Эцио Гамбаның өзі Қазақстанда жоқ, тек оның жаттықтырушылар тобы жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жүйе жылдың басынан бастап енгізілген болатын.

Қазақстан құрамасының Азия біріншілігін бас бапкерсіз қарсы алуы – ерекше жағдай. Бірақ Гамбаның халықаралық тәжірибесі және федерацияның бірлескен жұмысы құраманың бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалуға бағытталған.