Қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбеттің жарқын жеңісі BoxRec сайтында есепке алынбады. Бұл жағдай бокс жанкүйерлерін таңқалдырды.
Филадельфия қаласында (АҚШ, Пенсильвания штаты) өткен бокс кешінде Бек Нұрмағанбет (ресми статистика бойынша 14 жеңіс, 12 нокаут) никарагуандық қарсыласы Энкарнасьон Диасты (20 жеңіс, 6 жеңіліс, 11 нокаут) алғашқы раундта-ақ нокаутқа түсірді.
Кездесудің нәтижесі алғашында танымал BoxRec.com сайтында тіркеліп, Бектің жеңісі ресми түрде есепке алынған еді. Бірақ арада көп уақыт өтпей, бұл ақпарат сайттан алынып тасталды. Қазір BoxRec порталында Нұрмағанбеттің рекорды бұрынғы қалпына келтіріліп, 13 жеңіс, 11 нокаут деп көрсетілген.
Бүгінгі күні BoxRec ресурсы Бектің соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың 25 қазанында өткен деп көрсетіп отыр. Ал енді өткен Филадельфиядағы нокаутты жеңіс еш жерде тіркелмегендей күйде қалды.
BoxRec тарапы бұл өзгерістің себебін әзірге түсіндірген жоқ. Жанкүйерлер мен спорт сарапшылары осы мәселеге байланысты нақты ақпараттың берілуін күтуде.