Естеріңізде болса, өзбек боксшысы 5 сәуірде Астанада өткен жекпе-жекте украиналық қарсыласы Игорь Шевадзутскийді (12-3, 10 КО) төрешілердің шешімімен жеңген еді.
Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Астанада өткен жекпе-жектен соң өзбекстандық аса ауыр салмақтағы боксшы Баходир Жалоловты (15-0, 14 КО) рейтингке енгізді.
2025 жылдың 5 сәуірінде Астанадағы кәсіпқой бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы мен Анауэль Нгамиссенге арасындағы басты жекпе-жек аясында Баходир Жалолов украиналық қарсыласы Игорь Шевадзутскийді (12-3, 10 КО) төрешілердің шешімімен жеңіп шыққан болатын. Бұл оның мансабындағы 15-жеңісі еді.
Осы кездесуден кейін IBF жаңартылған рейтингіне сәйкес, Жалолов аса ауыр салмақ дәрежесінде 13-орынға көтерілді. Айта кетейік, бұл тізімде 12-орынды Токио Олимпиадасының финалында Жалоловпен жұдырықтасқан америкалық Ричард Торрес (13-0, 11 КО) иеленіп отыр.
Рейтингтің бірінші орны әлі бос. Ал екінші орында – Ұлыбританияның тәжірибелі боксшысы Дерек Чисора (36-13, 23 КО), үшінші сатыда – нигериялық Эфе Аджагба (20-1, 14 КО) орналасқан. IBF тұжырымы бойынша суперауыр салмақтағы қазіргі әлем чемпионы атағы британиялық Даниэль Дюбуаға (22-2, 21 КО) тиесілі.