Бокстан Қазақстан құрамасы басты турнирге көшбасшыларын дайындап жатыр
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов халықаралық жарыстардан кейінгі жоспарларын бөлісті.
Қайрат Сәтжанов команданың жоспары жайлы айтты:
"Алдағы уақытта бізді Моңғолия, Қырғызстан, Таиланд және Чехияда өтетін турнирлер күтіп тұр. Соған дейін оқу-жаттығу жиындары өтеді. Бұл — жас боксшыларымыздың өздерін көрсетуге тамаша мүмкіндік. Біз оларға осындай мүмкіндік береміз", — деді бапкер.
Жақын арадағы ең маңызды додалардың бірі – Астанадағы әлем кубогының екінші кезеңі өтпек. Қайрат Сәтжановтың айтуынша, бұл турнирге Қазақстан құрамасының үздік былғары қолғап шеберлері қатысады.
Жуырда Қазақстан боксшылары екі халықаралық жарыста бақ сынады:
Баку (Әзербайжан) қаласындағы "Жібек жолы" халықаралық турнирінде ел намысын екінші құрам қорғады. Нәтиже:
- 2 алтын,
- 1 күміс,
- 6 қола медаль.
Хабаровск (Ресей) қаласындағы Константин Коротковты еске алу турнирінде негізгі құрам өнер көрсетті. Бұл турнирде:
- 2 алтын,
- 4 күміс,
- 5 қола жүлде қоржынға түсті.