WBC тұжырымы бойынша титул үшін Мэнни Пакьяо мен Марио Барриос арасындағы жекпе-жек ресми жарияланды.
Сегіз салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған 46 жастағы Мэнни Пакьяо шаршы алаңға қайта оралады. Филиппиндік аңыз спортшы WBC нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпиондық белбеуі үшін америкалық Марио Барриосқа қарсы жекпе-жек өткізеді.
"Қазір Марио Барриос Мэнни Пакьяомен шілде айында өтетін жекпе-жекке дайындалып жатыр, — деп мәлімдеді WBC ұйымының президенті Маурисио Сулейман "Source of Boxing" X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, Мэнни Пакьяо соңғы ресми жекпе-жегін 2021 жылдың тамыз айында өткізді. Сол кезде кубалық Йорденис Угасқа төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіліп қалды.
Жалпы Пакьяо кәсіби мансабында 72 жекпе-жек өткізіп, оның 62-сінде жеңіске жетті. 39 кездесуінде қарсыласын нокаутпен жеңсе, 8 рет жеңіліп, 2 рет тең түскен.