Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Қазақстанға оралды

Редактор Penalty.kz
Бүгін, 03:08

Олимпиада ойындарының үш дүркін жүлдегері Елдос Сметов Англияда өткен оқуынан кейін Қазақстанға қайтып келді. Енді ол спорттық жаттығуларға қайта кірісуге дайын.

olympics.com

2024 жылғы Париж Олимпиадасында алтын медаль алған Елдос Сметов жыл басынан бері Англияда болып, ағылшын тілін меңгерумен айналысқан. Бұл шешімді спортшы шетелдік әріптестерімен еркін тілдесу қажеттілігімен байланыстырды.

"Ағылшынша еркін сөйлеу арманым еді. Сол себепті Англияға барып, тіл үйренуге бел будым. Қиын екені рас, бірақ тырысып жатырмыз", — деген болатын Сметов бұған дейін берген сұхбатында.

Сметов отбасымен бірге шетелде тұрып, тілдік білімін жетілдірді. Енді ол елге оралып, спорттық дайындықты қайта жалғастырмақ.

2025 жылдың мамыр айында Елдос Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің құрметті қонағы болады. Аталған халықаралық жарыс 9–11 мамыр аралығында Астанада өтеді. Мұнда әлемнің үздік дзюдошылары татамиге шығады.

Турнирде Елдостың ресми түрде белдесуге қатысуы жоспарланбағанымен ол жанкүйерлермен кездесіп, жас спортшыларға қолдау білдіреді. Жаттықтырушыларының айтуынша, 2026 жылы Сметов ұлттық құрамаға қайта қосылуы мүмкін.

Елдос Сметов — Қазақстанның дзюдо тарихындағы ең табысты спортшылардың бір. 

Олимпиада жүлделері:

  • Күміс — Рио-де-Жанейро (2016)
  • Қола — Токио (2021)
  • Алтын — Париж (2024)
  • Әлем чемпионы, Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы