Кәсіпқой боксшы, IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Ангелина Лукас жақында Гиннестің рекордтар кітабына енгізілетінін мәлімдеді.
"Биыл рекорд орнаттым, енді ресми түрде тіркеу қалды. Бұл – мен үшін үлкен мотивация болды. Дүниежүзілік рейтингім өспей тұрған соң, бірінен соң бірі бірнеше жекпе-жек өткізгім келді. Командам мені бұл ойымнан бас тартуға шақырды. Бұл өте ауыр, қалпыма келе алмайсың деді. Бірақ мен дайын болдым. Себебі мен әрдайым жақсы формадамын. Түн ортасында оятып, "ертең жекпе-жекке шығасың" десе – мен, менің командам және отбасым үшін бұл қалыпты жағдай. Мен шығып, жұдырықтасуға дайынмын", – деді Лукас.
Ангелина спорттағы жауапкершілікті жоғары қойып, тұрақты жаттығудың маңызын ерекше атап өтті.
"Кейбір спортшылар жарты жыл демалып, содан кейін ғана жекпе-жекке дайындалады. Ал мен – формамда болсам, мені ешкім тоқтата алмайды. Қайта-қайта жекпе-жекке шығып, қарқын қосуым керек. Әрине, денсаулықты бақылауда ұстау маңызды. Біз командамен бірге бұл бағытта жұмыс істейміз – артық салмақ, шаршау болмауы тиіс. Биыл қанша жекпе-жек өткізетінімді білмеймін. Бірақ қазір өзімді керемет формада ұстап жүрмін", – дейді ол.
Ангелина Лукас — тек әдемі келбет иесі емес, сонымен қатар темірдей тәртіптің, қажырлы еңбектің символы. Оның Гиннестің рекордтар кітабына енуі – қазақстандық спорттың әлемдік деңгейге көтеріліп келе жатқандығының айқын көрінісі.