Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Бекзат Алмахан (12-2) UFC турнирінде тарихқа енді. Ол канадалық Брэд Катонды (14-5) нокаутпен жеңді.
Катон кәсіби ММА аренасында 2014 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ол төрт рет жеңіліс тапса да, ешқашан мерзімінен бұрын ұтылған емес. Бұған дейін Катонды тек Мераб Двалишвили (19-4), Хантер Азур (13-4), Гарретт Армфилд (10-5) және Джин Мацумото (16-1) жеңген. Бірақ олардың барлығы шешімді төрешілерге қалдырған.
Алмахан бұл үрдісті бұзды: 64 секунд ішінде қарсыласын нокаутқа түсіріп, UFC тарихында өз есімін алтын әріппен жазды.
Бекзат Алмахан UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін былтыр наурызда өткізді. Ол кезде қарсыласы — ресейлік Умар Нурмагомедов (18-1) болатын. Қос спортшы тартысты айқас көрсетті. Жекпе-жек төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен аяқталып, жеңіс Нурмагомедовке бұйырды. Дегенмен Алмахан сол кездесуде Умарды нокдаунға жіберіп, жанкүйерлер мен мамандардың назарын өзіне аударған еді.