"Біз Төрехан Сабырханды сақтауымыз керек" – Мерей Ақшалов

Редактор Penalty.kz
30.05.2025, 15:35

Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпазы Мерей Ақшалов жас боксшы Төрехан Сабырхан жайында өз пікірін білдіріп, оны қорғаудың маңыздылығын атап өтті.

sportarena.kz

Ақырыс Сейітқазының YouTube арнасына берген сұхбатында айтулы спорт маманы Сабырханның физикалық және психологиялық жүктемеге тап болмауы үшін жауапкершілікпен қарау қажет екенін баса айтты.

“Жас боксшыға ерекше көзқарас керек”

“Төрехан – өте жас спортшы. Біз оны сақтай білуіміз қажет. Жастар мен ересектер арасындағы бәсеке – мүлде бөлек деңгей. Жасөспірімдер арасындағы жетістіктері өте жоғары: әлем чемпионы атанды, үздік боксшы деп танылды. Бірақ ол кезде басына шлем киіп, қорғаныс күшейтілген форматта өнер көрсетті. Ал қазіргі ересектер арасында шлемсіз жұдырықтасады”, – деді Ақшалов.

Спорт маманының айтуынша, халық жас спортшыларға баға бергенде олардың жас ерекшеліктері мен дайындық деңгейін ескеруі керек.

Тәжірибе мен уақыт – негізгі фактор

“28 жастағы кәсіби боксшы мен 19 жастағы жігіттің соққы қуаты – жер мен көктей. Біз мұны ескеріп, Төреханға бірден үлкен үміт артпай, дұрыс бағытта дамуына мүмкіндік жасауымыз керек”, – деп қорытындылады Мерей Ақшалов.