Құрама есігі ашық: боксшыларға қандай талап қойылады?
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов "Aqyrys Seeitqazy" YouTube арнасына берген сұхбатында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновтің ұлттық құрамаға қайта оралу мүмкіндігі туралы айтты. Оның пікірінше, бұл мәселеде өткен жетістіктер емес, қазіргі нәтиже маңызды.
"Құрамаға бұрынғы жетістігі үшін ешкім алынбайды. Заң бар: негізгі құрамға кіру үшін Қазақстан чемпионатында үздік үштікке ену керек. Кеңейтілген құрамға өту үшін кемі ширек финалға шығу шарт. Іріктеу Қазақстан чемпионаты, Спартакиада, Қазақстан Кубогы, Азия және әлем чемпионаттарының нәтижесіне қарай жасалады", — деді Ақшалов.
Қамшыбек Қоңқабаев 2024 жылғы Олимпиададан кейін рингке шықпаған. Сол жарыста ол бірінші кезеңде испандық Айюб Гадфеден жеңіліп, жарыстан шығып қалды.
Асланбек Шымбергенов те 2024 жылдың соңынан бері ұлттық құраманың шараларына қатыспаған. Ресми деректерде бұл үзіліс жарақатына байланысты екені айтылды.
Ақшаловтың сөзінше, екі боксшы да қайта оралғысы келеді. Бұл үшін оларға тек жоғары нәтиже көрсету қажет:
"Кім бокспен айналысқысы келсе, оның алдында есік ашық. Биыл Қазақстан чемпионаты өтеді. Жеңіске жетіңіздер — құраманың жолдамасы сіздердікі".