U-22 құрамасының бас бапкері жас спортшылардың басты кемшілігін атады.
Қазақстан жастар құрамасының (U-22) бас жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев жас боксшылардың рингтегі негізгі қателігі туралы өз пікірін ашық айтты.
"Біздің көптеген боксшылар бір соққымен жекпе-жекті аяқтауға тырысады. Бірақ рингке тек нокаут үшін шыққан боксшы қарсыласын құлата алмайды. Ақырында ол соққы да жасай алмай, нокаут та жасай алмай қалады.
Мен оларға үнемі айтамын: "Рингке шыққанда мақсат — қарсыласты ұру емес, бокстасу керек". Бокс деген — екі интеллектуалдың сайысы. Сондықтан тек күш емес, ақыл да қажет", — деді Сәрсекбаев.
Айта кету керек, жақында Шри-Ланкада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Бақыт Сәрсекбаевтың шәкірттері керемет нәтиже көрсетті. Қазақстан құрамасы 22 алтын медаль жеңіп алып, құрлықтық жарыста абсолютті көшбасшы атанды.