Серік Сәпиев Олимпиада чемпионын тоқтатқан қазақстандық боксшыға ерекше лебізін білдірді

Редактор Penalty.kz
10.06.2025, 21:18

Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев Эйндховенде (Нидерланды) өткен халықаралық турнирде жарқ еткен қазақ боксшыларын құттықтады.

ulysmedia.kz

Серік Сәпиев: "Қарағандылық боксшылар – елдің мақтанышы!" 

Серік Сәпиев өзінің Instagram парақшасында Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Ақхалықовтың жетістігіне қуанып, лебізін білдірді:

"Абылайхан Жүсіпов Нидерландыда өткен халықаралық жарыста 2024 жылғы Олимпиада чемпионын жеңді. Сабыржан Ақхалықов қола медаль еншіледі. Қарағанды бокс мектебі – елдегі үздіктердің бірі. Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймын!" 

Жүсіпов — Олимпиада чемпионын тоқтатқан боксшы

70 келі салмақтағы финалдық кездесуде Абылайхан Жүсіпов пен Париж Олимпиадасының жеңімпазы, өзбекстандық Асадхужа Муйдинходжаев рингке шықты. Қарқынды басталған жекпе-жек екінші раундта тоқтатылды. Қазақстандық боксшының жарақатына байланысты дәрігерлер жекпе-жекті жалғастырмауға кеңес берген. Алайда төрешілер жеңісті Жүсіповке беріп, бұл шешім Өзбекстан бокс федерациясының наразылығын туғызды.

Сабыржан Ақхалықов — қола жүлдегер

75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сабыржан Ақхалықов жартылай финалда Украина өкілі Джамал Кулиевпен кездесіп, бірауыздан төрешілер шешімімен жеңілді. Соған қарамастан қазақстандық спортшы турнирдің қола жүлдесін иеленді.