ММА шебері Санжар Тәжиевтің бірнеше жыл бұрынғы балағат сөздері үшін тас-талқан етпек.
Naiza 74 турнирінің басты жекпе-жектерінің бірі қарсаңында ММА жұлдызы Мұхаммед Хейбати мен қазақстандық спортшы Санжар Тәжиев арасында шиеленіс күшейе түсті.
ММА әлемінде аты танымал, рекорды 5 жеңіс және 4 жеңілістен тұратын Мұхаммед Хейбати (Иран) алдағы қарсыласы, Қазақстан спортшысы Санжар Тәжиевке (3-3) қатысты резонансты мәлімдеме жасады.
“Мен оны бұрын мүлде танымайтынмын. Маған қарсылас ретінде ұсынған кезде Instagram парақшасын қарап шықтым. Сөйтсем, ол 2–3 жыл бұрын менің жеке хаттарыма ауыр сөздер, боқтықтар жазған екен. Осыны көріп, қатты ашуландым. Сол сәтте өзіме: «Ол сөздері үшін міндетті түрде жауап береді» дедім”, — дейді Хейбати.
Хейбатидің айтуынша, Тәжиевтің жазбалары орынсыз әрі балағат сөздерге толы болған. Спортшы бұл әңгімені әлеуметтік желіде жария еткеннен кейін Тәжиев дереу хат алмасуды өшіріп тастаған.
“Мен сторис арқылы мәлімдеме жасаған сәтте-ақ ол хаттарды жойып тастады. Бірақ бұл оны құтқарып қала алмайды. Мен ондай әрекеттерді жауапсыз қалдырмаймын. Әзірге қандай тәсілмен жеңетінімді ашып айтпаймын, бірақ мен жақсы дайындалдым. Не істеу керектігін білемін. Жалғыз мақсатым — оны талқандау”, — деді ол.
Санжар Тәжиев пен Мұхаммед Хейбати арасындағы жекпе-жек 28 маусым күні Семейде өтетін Naiza 74 турнирінің басты оқиғаларының бірі болады.