Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан құрамасының бас бапкері болуға лайық деп танылды

Редактор Penalty.kz
11.06.2025, 21:51

Парламент Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов Бақыт Сәрсекбаевтың бокстан ұлттық құраманы басқаруға толық лайық екенін айтты. 

instagram /@b.sarsekbayev

Сәрсекбаевтың жарқын нәтижесі

2025 жылы Коломбо қаласында (Шри-Ланка) өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Бақыт Сәрсекбаев баптаған қазақстандық боксшылар 22 алтын медаль жеңіп алды. Бұл — жасөспірім құраманың ғана емес, Сәрсекбаевтың жаттықтырушылық әлеуетінің айқын дәлелі.

Мәжіліс депутаты не дейді?

Данияр Қасқарауов Бейжің Олимпиадасында Бақыт Сәрсекбаевпен бірге болғанын, әрі оны жақсы білетінін атап өтті:

"Кейінгі кезде Бақыт Сәрсекбаевты ұлттық құраманың бас бапкері ретінде қарастыру ұсынысы жиі айтыла бастады. Неліктен оған мүмкіндік бермеске? Мен оның пікірлерін, идеясын үнемі қадағалап отырамын. Ол – батыл, ойы жүйелі маман. Өз ісіне берілген жан екенін көреміз. Боксқа деген энергиясы мен ықыласы мол. Әрине, соңғы шешімді бұл істі терең білетін мамандар айтуы керек. Егер олар қажет деп санаса – мүмкіндік берген жөн", — деді Қасқарауов.

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының алтын жүлдегері Бақыт Сәрсекбаев спортшы ретінде де, жаттықтырушы ретінде де өзін дәлелдеген тұлға. Оның басқаруымен Қазақстан жасөспірім құрамасы халықаралық ареналарда тұрақты табысқа жетіп келеді.