Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов ұзақ үзілістен кейін кәсіби рингке қайта оралмақ. 19 шілде күні ол АҚШ-тың Вашингтон қаласында филиппиндік қарсыласымен жұдырықтасады.
Даниярдың қарсыласы – 30 жастағы Джеймс Бэйкон. Ол кәсіпқой бокста 26 рет жеңіске жетіп, небәрі 5 рет жеңілген. Бұған дейін жартылай орта салмақта өнер көрсеткен Бэйкон Филиппиндегі ішкі аренада өзін мойындатқан тәжірибелі спортшылардың бірі.
Алдағы айқас Елеусінов үшін TKO Boxing ұйымымен келісімшартқа отырғаннан кейінгі алғашқы жекпе-жек болмақ. Бұл ұйым — UFC президенті Дана Уайт пен Сауд Арабиясының спорт басқармасының жетекшісі Турки әл-Шейхтің жаңа жобасы.
TKO аясындағы жекпе-жектер жоғары деңгейде ұйымдастырылатыны белгілі, сондықтан бұл кездесу Даниярдың мансабындағы жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткен кеште Елеусінов филиппиндік Джо Нойнояны (23-5) нокаутпен жеңген еді. Енді Данияр қатарынан екінші рет филиппиндік боксшымен кездескелі отыр.