Oktagon ұйымында белбеу иеленгеннен кейін Жалғас Жұмағұлов UFC-ге қайта оралу ниетін ашық айтты. Қазақстандық файтер ауыр жарақатына қарамастан, қарсыласын жеңіп, енді Америкада жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Қазақстандық ММА шебері Жалғас Жұмағұлов еуропалық Oktagon лигасында чемпион атанғаннан кейін UFC-дегі болашағына қатысты пікір білдірді.
«Қазір жарақатым көп. Шынымды айтсам, жекпе-жекке дейін де, кейін де ауырсыну болды. Тіпті, жекпе-жектен бас тартқым да келді. Бірақ шешімімнен айнымадым. Қазір бәрі жазылып келеді, алаңдауға негіз жоқ», – деді спортшы.
Жұмағұловтың айтуынша, UFC-де гонорар көбірек. Бірақ ол Oktagon-дағы жетістіктерінен кейін де жақсы қаржыға үмітті екенін жеткізді.
«Әрине, UFC-де жалақы жоғары. Бірақ осы жеңістерімнен кейін Oktagon-да да қаламақым өсер деген үміттемін», – деді ол.
Жалғас Жұмағұлов UFC-ге қайта оралуды көздейтінін жасырмады. Қазір АҚШ-та жаттығу жасап жатқан спортшы қыркүйекке дейін сонда болмақ.
«UFC-де допинг-бақылау бар. Бұл маңызды. Oktagon секілді кейбір еуропалық лигаларда ондай жүйе жоқ. Соңғы жекпе-жегімде қарсыласымның соққыларға төтеп беруі мені таңғалдырды. Ол салмақ өлшеуде 68 келі болды, ал мен 64 келі. Өзін тас қабырғадай ұстады», – дейді Жұмағұлов.
Сондай-ақ ол жекпе-жек кезінде екі қолы мен бір аяғын жарақаттап алғанын, сол себепті екінші раундтан бастап сақ ойнауға мәжбүр болғанын айтты.
Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі бірнеше жекпе-жекке ауыспалы қарсылас ретінде шығуға ниет білдіргенін де айтты. Алайда оның айтуынша, қарсыластары мұндай кездесуге келіспеген.