Бүгін қазақстандық бес боксшы әлем кубогында рингке көтеріледі
Финал үшін басты айқаста Елдана Тәліпова өзбек боксшысымен жұдырықтасады.
Астана уақытымен сағат 19:00-де басталатын кешкі сессияда елдің мықтылары ширек және жартылай финалдық жекпе-жектер өткізеді. Кештің басты оқиғаларының бірі — Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бәсеке. Барлық кездесулер Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазақстан атынан кімдер шаршы алаңға шығады?
- Алуа Балқыбекова – Юна Нисинака (Жапония)
Салмақ дәрежесі: 51 кг
Кезең: Әйелдер арасындағы ширек финал
Ринг: B, 2-жекпе-жек
Қазақстандық қыздардың көшбасшыларының бірі Балқыбекова жекпе-жегін жапондық қарсыласына қарсы өткізеді. Алуа — тәжірибесі мол, шапшаң әрі тактикалық тұрғыдан мықты боксшы.
- Аида Әбікеева – Су Кюн Кан (Оңтүстік Корея)
Салмақ дәрежесі: 65 кг
Кезең: Әйелдер арасындағы ширек финал
Ринг: A, 4-жекпе-жек
Аидаға оңтүстіккореялық қарсылас төтеп бермек. Бұл жекпе-жекте отандасымыз шабуыл қарқынымен және дәл соққыларымен ерекшеленуі тиіс.
- Елдана Тәліпова – Олтиной Сотимбоева (Өзбекстан)
Салмақ дәрежесі: 80+ кг
Кезең: Әйелдер арасындағы жартылай финал
Ринг: A, 5-жекпе-жек
Бұл — кештің басты текетірестерінің бірі. Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары арасындағы бұл жекпе-жек финал жолдамасы үшін өтеді. Елдана сенімді және шабытты өнер көрсетіп жүрген боксшы.
- Ертуған Зейноллинов – Юго Гро (Франция)
Салмақ дәрежесі: 65 кг
Кезең: Ерлер арасындағы ширек финал
Ринг: A, 6-жекпе-жек
Француз қарсыласымен өтетін бұл кездесу де тартысқа толы болмақ. Ертуған рингте шапшаңдығымен және тактикалық шеберлігімен танымал.
- Сағындық Тоғамбай – Эмрах Ясар (Түркия)
Салмақ дәрежесі: 90 кг
Кезең: Ерлер арасындағы жартылай финал
Ринг: A, 8-жекпе-жек
Сағындық Тоғамбай биылғы маусымда жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан боксшы. Оның финалға жолдама алу мүмкіндігі зор, алайда түрік қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес.