Қазақстандық боксшы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде сенімді жеңіске жетті.
Кездесу Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінде ұйымдастырылды. Оның қарсыласы әзербайжандық Ниджат Хасанов (5 жеңіс, 2 тең ойын, 2 нокаут) болды.
Жекпе-жек жартылай орта салмақта сегіз раундқа жоспарланған болатын. Алайда айқас алтыншы раундқа дейін ғана жалғасты – Хасанов жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Бұған Бекбауовтан алған ауыр соққылар мен денсаулығына қауіп төнуі себеп болды.
Осылайша Дулат Бекбауов кәсіпқой рингтегі жолын жарқын жеңіспен бастады. Бұл – Хасанов үшін де маңызды сәт болды. Себебі ол осыған дейін бірде-бір жеңіліс көрмеген. Бұл жолы алғаш рет тізе бүкті.Бекбауов әуесқой бокста әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының вице-чемпионы ретінде үлкен тәжірибеге ие.