Қырғызстанда өткен алғашқы кәсіби жекпе-жегінде жеңіске жеткен Сәкен Бибосынов өзінің әсерімен және алдағы жоспарларын айтты.
Сәкеннің айтуынша, кездесуде барлығы алдын ала құрылған жоспарға сай өрбіген:
“Біз дайындық кезінде бауырға бағытталған соққыларды көптеп қайталадық. Бірінші раундта осы соққымен қарсыласымды нокдаунға түсіруді мақсат еттік — бәрі дәл солай болды. Қарсыласымды толық зерттеп шықтым. Бұл жеңіс мен үшін ғана емес, бапкерлерім, жанкүйерлерім және менімен жұмыс істеген жапон промоутерлері үшін де үлкен қуаныш болды”, – деді ол.
Сәкенге кәсіби аренадан келесі жекпе-жекке ұсыныс түсіп үлгерген. Алайда ол бұл шешімді ұлттық құрама мен федерациямен келісе отырып қабылдайтынын айтты.
“Мен қазір де ұлттық құрамадамын. Сол себепті, келесі жекпе-жекке қатысты шешімді бас бапкер және бокс федерациясымен кеңесіп қабылдаймын. Егер күнтізбедегі әуесқой жарыстарға кедергі келтірмесе, кәсіби рингке де шығамын. Бапкерім екі бағытты қатар алып жүруге болатынын айтты”, – деді Бибосынов.
Кешті ұйымдастырған жапониялық промоутерлер Сәкеннің бокстағы стиліне риза болып, дүниежүзілік рейтингте тез көтерілуге мүмкіндік беретін ұсыныстар жасаған.
“Олар менің мықты қарсыластармен кездесіп, 2–3 жекпе-жектен кейін Азия чемпионы атағына, ал 4–5 жекпе-жектен соң әлем чемпиондығына таласа алатынымды айтты. Әзірге бұл — келешектің еншісіндегі әңгіме”, – деді ол.
Кәсіби спорттағы гонорар мәселесі жиі талқыланатыны белгілі. Алайда Сәкен бұл жайында өз ұстанымын ашық айтты:
“Мен үшін басты құндылық — нәтиже. Ақша мені қызықтырмайды. Кәсіби болсын, әуесқой болсын — бастысы жоғары жетістікке жетіп, ел намысын абыроймен қорғау”, – деді боксшы.