Қазақстандық жартылай орта салмақтағы боксшы Данияр Елеусінов (13-0, 8 КО) жақын уақытта рингке қайта оралатынын айтып, соңғы жекпе-жегінің мақсатын түсіндірді.
19 шілдеде Елеусінов АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Вашингтон қаласында өткен бокс кешінде филиппиндік қарсыласы Джеймс Бэконды (26-6, 17 КО) екінші раундта нокаутқа жіберді.
Бұл кездесуден кейін жанкүйерлер арасында сұрақтар туындады: неге кәсіпқой бокста жеңілмеген 2016 жылғы Олимпиада чемпионы төмен деңгейдегі бокс кешіне шықты? Себебі шараны аз танымал промоутер ұйымдастырып, бокс кеші ангарға ұқсас шағын залда өткен еді.
“Жақында тағы да рингке шығамыз. Бұл жекпе-жектер үлкен кездесулерге дайын болу үшін қажет. Соңғы уақытта сирек өнер көрсеттім, сондықтан тәжірибе жинауым маңызды. Бірақ үлкен шақыртуды қабылдаған сәтте таң қалмаңыздар”, — деп жазды “Қазақтың найзағайы” өзінің Instagram парақшасында.