Баходир Джалоловтың келесі жекпе-жегі қашан өтеді?
Өзбекстандық журналист Жалол Ахмедов Нью-Йоркте өтпей қалған айқастан кейін суперауыр салмақтағы отандасы Баходир Джалоловтың (15-0, 14 КО) болашағына қатысты жаңа ақпаратты жариялады.
Нью-Йорктегі айқастың тоқтатылу себебі
Баходир Джалолов 26 шілдеде Джанмарко Кардиллоға (12-1-2, 2 КО) қарсы жекпе-жекке шығуы керек еді. Алайда италиялық спортшының денсаулығына байланысты бұл кездесу өтпей қалды.
Журналист Ахмедовтың айтуынша, “Үлкен өзбектің” кәсіпқой рингке оралуы ұзаққа созылмайды.
“Баходир Жалоловтың жаңа жекпе-жегі жақын арада ресми түрде жарияланады. Ол тамыз айының басында өтеді”, — деп жазды Ахмедов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Олимпиада чемпионының соңғы жекпе-жегі
Еске салайық, 2024 жылы Париж Олимпиадасында екінші рет алтын медаль жеңіп алған Жалолов осыдан кейін тек бір кәсіби айқас өткізді. Сәуір айында Астанада украиналық Игорь Шевадзуцкийді (12-3, 10 КО) төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген еді.