UFC жұлдызы, қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы — Гүлайым Рахмонова жол-көлік оқиғасына тап болды.
Апат 27 шілде Жамбыл облысының Алматы — Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында, Ақсуйек ауылының маңында тіркелген, деп хабарлайды Offside.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігін басқарған Гүлайым Рахмонова рульге ие бола алмай, автокөлік бірнеше рет аударылып кеткен.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, жол апаты болған сәтте көлікте Гүлайым Рахмонова, 2022 жылы туған ұлы және екі құрбысы болған. Оқиға орнында 39 жастағы З.А. көз жұмды, ал 35 жастағы А.С. Мойынқұм аудандық ауруханасына жеткізілу кезінде қайтыс болды.
Гүлайым Рахмонова мен ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауырлықта деп бағалап отыр.
«Ота қажет емес. Пациенттер динамикалық бақылауда», — делінген Шу қалалық ауруханасының травматология бөлімшесінің мәлімдемесінде.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы ("Жол жүрісі ережелерін бұзу, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу аясында қосымша ақпарат әзірге жарияланбай отыр.