Сарапшылар оның әлеуетін жоғары бағалап, жақын жылдары әлемдік аренада топ жаратынына сенімді.
Белгілі қазақстандық бапкер Иса Ақбербаев WBA Asia чемпионы, жеңіл салмақта өнер көрсететін боксшы Елшат Нығметолланың мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. Бұл туралы Offside.kz хабарлады.
«Елшат – тамаша боксшы, әлеуеті зор. Оның жылдамдығы, ойлау қабілеті, реакциясы, аяқпен жұмысы өте жақсы. Қазір Азия деңгейінде жұдырықтасып жүр, бірақ болашақта әлемдік аренаға шығуға толық мүмкіндігі бар. Егер оны дұрыс дайындаса, биік белестерді бағындырады», – деді Ақбербаев.
5 қыркүйек күні Қытайдың Сучжоу қаласында Елшат Нығметолла (21-0-2, 8 КО) өзінің WBA Asia чемпионы атағын қорғайды. Оның қарсыласы – индонезиялық боксшы Тибо Монабеса (22-2-2, 8 КО).
Бұл кездесу қазақстандық боксшы үшін маңызды сынақ болмақ. Сарапшылардың пікірінше, жеңіске жеткен жағдайда Елшат Нығметолла әлемдік рейтингте жоғарылап, жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік алады.