Қазақстандық жас боксшы Төрехан Сабырхан 2025 жылы Ливерпульде өтіп жатқан әлем чемпионатындағы (World Boxing Championships) дебюттік жеңісінен кейін келесі қарсыласы туралы пікір білдірді. Ол жеңістен соң эмоцияларын бөлісіп, бауыры мен бапкерлерінің қолдауы арқасында өзін сенімді сезінгенін айтты.
70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Төрехан 1/16 финалда алжирлік Юсеф Ислам Яишпен кездескен. Екі раунд бойы қазақстандық боксшы ұпайда қалып қойғанымен, шешуші үшінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төрешілердің бөлінген шешімімен жеңісті Сабырхан еншіледі.
Жекпе-жектен кейін Төрехан Сабырхан алдағы кезеңдегі қарсыласына тоқталды:
«Мен қатты уайымдадым. Қасымда қазір туған ағам жүр. Маған кеңес беріп, «Странджа кубогы» немесе Thailand Open сияқты қарастыруымды айтты. Бұл жерде де сол атмосфера, тек артық күйзелмеуім қажет деді. Алда әлі төрт кездесу бар, қарсыластар өте мықты, бірақ жеңеміз деп ойлаймын.
Келесі қарсыласым – Нидерланд спортшысы. Оны жақсы білмеймін, бірақ Үндістан боксшысымен жұдырықтасқанын көрдім. Голландец қолы ұзын, бірақ ағам мен бапкерлердің айтқанындай, қарқынды арттырып, белсенді шабуылдап, аяқпен көбірек жұмыс істеуге тырысамын», – деді қазақстандық боксшы.
Айта кетейік, Төреханның туған ағасы Махмұд Сабырхан да осы чемпионатта бақ сынап жатыр. Ол 55 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын қорғауда. Екі ағайындының бір алаңда өнер көрсетуі – ұлттық құраманың мерейін үстем етіп, қазақ жанкүйерлерін қуантты.