Бокстан Ливерпульде өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының негізгі үміттерінің бірі Бекзат Нұрдәулетов күтпеген жерден жарыстан шығып қалды. Ол 1/8 финалда грузин Георгий Кушиташвилиге 2:3 есебімен есе жіберді.
Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты-2025 ресми сайтында жарыстың 9 қыркүйектегі басты оқиғаларының бірі ретінде Бекзат Нұрдәулетовтің жеңілісі аталды.
«Кешкі сессияда бірінші ауыр салмақта сегіз жекпе-жек өтті. Сол сәтте екі басты фаворит жарыстан шығып қалды. Бірінші нөмірлі қазақстандық Бекзат Нұрдәулетов 2:3 есебімен грузин Георгий Кушиташвилиге жол берсе, екінші нөмірлі үндістандық Джугнуды шотландық Роберт Макнатли ұтты», – делінген Worldboxingliverpool.com шолуда.
Бұл нәтиже жанкүйерлер үшін күтпеген жағдай болды, өйткені Нұрдәулетов әлем чемпионатының басты фавориттерінің бірі саналған еді. Ол 2024 жылы Азия біріншілігінде топ жарып, Ливерпульдегі жарысқа алтын жүлде үміткері ретінде келген болатын.
Бұл чемпионат – World Boxing ұйымы өткізіп жатқан ересектер арасындағы алғашқы әлем біріншілігі. Турнир 14 қыркүйекке дейін жалғасады. Қазақстан құрамасынан бірнеше боксшы ширек финалға жолдама алып, ел намысын қорғап жатыр.