Қазақстандық белгілі боксшы, ұлттық құраманың бұрынғы капитаны Асланбек Шымбергенов әлеуметтік желіде ерекше жазба жариялады. Ол өзінің парақшасында 2023 жылғы Ханчжоудағы Азия ойындарында өткен айқастың үзіндісін көрсетті.
Видеода Шымбергеновтің өзбек боксшысы Асадхужа Муйдинхужаевпен ширек финалда өткен жекпе-жегі көрсетілген. Екі раунд бойы ұтылып тұрған қазақстандық боксшы үшінші раундта қарсыласын техникалық нокаутпен тоқтатып, сенсациялық камбэк жасаған еді.
«Міне, дәл осылай соғу керек болған», – деп жазды Шымбергенов Instagram парақшасында.
Ливерпульде өтіп жатқан әлем чемпионаты барысында 65 келіге дейінгі салмақта Қазақстан боксшысы Ертуған Зейнуллинов пен Муйдинхужаев ширек финалда кездесті. Жекпе-жек соңында төрешілер өзбек спортшысына жеңісті берді.
Алайда бұл шешім қоғамда қызу талқыға түсті. Көптеген жанкүйерлер бағалау әділ болмады деп есептеді. Осыдан кейін Шымбергеновтің жарияланымы әлеуметтік желіде үлкен мәнге ие болды. Ол бокс сүйер қауымға өткен жекпе-жектен «жеңістің кілтін» еске салғандай болды.