Загребте (Хорватия) өтіп жатқан 2025 жылғы күрес әлем чемпионатында Қазақстанның аса ауыр салмақтағы балуаны, Олимпиада ойындарының қатысушысы сенсациялық түрде жарысты ерте аяқтады.
125 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ерғали алғашқы айналымда болгариялық балуан Ален Хубуловпен жолықты. Айта кетейік, Хубулов – Ресейден шыққан легионер, бүгінде басқа елдің атынан күресіп жүр.
Белдесудің бірінші жартысында есеп 4:4 болып тең түсті. Алайда шешуші сәтте қарсыласынан келген төрт ұпайлық әдіс Ерғалидың жеңіске деген мүмкіндігін жоққа шығарды. Қазақстандық тарап бұл эпизодқа наразылық білдіріп, челлендж сұратқанымен, төрешілер шешімді өзгертпеді.
Нәтижесінде Ерғали ұпай айырмасын қысқарта алмай, жарыстан ерте шығып қалды.
Әлішер Ерғали — Токио Олимпиадасының қатысушысы, Азия чемпионаттарының жүлдегері. Оның жеңілісі жанкүйерлер үшін күтпеген жағдай болды. Қазақстан балуаны бұған дейін халықаралық додаларда сенімді өнер көрсетіп келген.
Бұл салмақта Қазақстан атынан 10 спортшы бақ сынауда. Бұған дейін ел намысын қорғаған Азамат Дәулетбеков пен Асылжан Есенгелді өз белдесулерінде жеңіске жетіп, ел қоржынына сенім ұялатқан еді.