Ливерпульде бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық айқастары өтіп жатыр.
Қазақстандық жас талант Төрехан Сабырхан финал жолдамасы үшін ағылшын боксшысы Одел Камарамен күш сынасты.
Алғашқы раунд эмоцияға толы өтті. Екі жас боксшы да өздерін көрсеткісі келді. Сәтті шабуылдар алма-кезек жасалды. Алайда төрешілердің төртеуі басымдықты ринг қожайыны Камараға берді.
Жекпе-жектің келесі бөлігін тікелей Александр Усик тамашалады. Осы раундта Торехан қарсыласынан шебер әрі дәл қимылдап, басымдыққа ие болды.
Қорытынды раунд алдында қазақстандық тек бір төреші картасында 18-20 есебімен қалып қойған, қалған төртеуінде 19-19 тең есеп тіркелді.
Шешуші раундта Төрехан бірінші нөмірлі боксшы ретінде белсенді қимылдады. Дегенмен Камара да қарап қалмай, қауіпті шабуылдармен жауап берді.
Бәрібір төрешілер үш раунд нәтижесінде жеңісті Сабырханға берді. Осылайша ол финалға шығып, енді жапондық Сэвон Оказавамен алтын медаль үшін кездеседі.
Еске сала кетейік, Төрехан Сабырхан 2024 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған. Былтыр ересектер қатарына өтіп, үш бірдей турнирдің жеңімпазы болды. Әр додада үздік боксшы деп танылды.
Ливерпульдегі әлем чемпионатында Төрехан финалға дейін үш күрделі айқастан сүрінбей өтті.