ҚПЛ 27-тур
Жарнама
Жарнама
Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары «татуласты»
коллаж penalty.kz

Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары «татуласты»

Қазақстан және Өзбекстан ұлттық бокс құрамалары арасындағы басты бәсекелестік жаңа деңгейге шықты. Ливерпульде әлем чемпионатынан кейін қос елдің бас бапкерлері – Қайрат Сәтжанов пен Тулкин Киличев бір-біріне сәттілік тілеп, өзара құрмет көрсеткен сәтті желіде жариялады.

«Біз – бауырлас халықпыз»

Қайрат Сәтжанов бокс сүйер қауымға арнаған сөзінде:

«Құрметті жанкүйерлер, бізді жеңіспен құттықтаңыздар. Қазақстан мен Өзбекстан – бауыр елдер, әрқашан бірге боламыз. Үлкен басшыларымыз да: “Англияға неге келдіңдер? Екі елдің құрамасы өзара спарринг жасап, қалған орындарды басқаларға берсе жеткілікті еді ғой” деп әзілдеді. Екі мемлекетіміз әрқашан биік тұғырда болсын», – деді.

Ал Тулкин Киличев Қазақстан құрамасына құрмет білдіріп:

«Қазақстан, Өзбекстан – біз рингте бәсекелеспіз. Бірақ рингтен тыс әрқашан бір-бірімізді сыйлаймыз, біз – бауырлас халықпыз. Алла қаласа, Олимпиадада тамаша нәтижелер көрсетейік. Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін», – деп атап өтті.

Чемпионат қорытындысы

World Boxing ұйымы аясында алғаш рет өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Қоржында – 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль. Өзбекстан боксшылары екінші орынға жайғасты: 6 алтын, 2 күміс, 3 қола.

Бұл дода екі ел арасындағы бәсекелестіктің қаншалықты жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Еске салсақ, Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан тек бір күміс медальмен шектелсе, Өзбекстан құрамасы 5 алтын жүлде иеленген болатын.

Жарнама
Жарнама