Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясындағы алғашқы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шығып, 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Ерлер құрамасы 4 алтын иеленіп, екінші нәтиже көрсетті. Ал ерлер арасындағы бірінші орын 6 алтын және 1 күміспен Өзбекстан құрамасына бұйырды.
Өзбекстан ерлер құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев Sports.kz тілшісіне берген сұхбатында жарысқа қорытынды жасап, өз командасының өнерін жоғары бағалады:
«Жалпы, нәтиже көңілден шықты. Егер он балдық жүйемен бағаласақ — жетілік. Барлық салмақта жеңіске жетсек қана толық ондық болар еді. 6 алтын, 1 күміс — біздің тарихтағы ең үлкен жетістік».
Киличев шәкірттерінің барлығы күшін аямағанын айтты. Дегенмен кейбір салмақтарда нәтиже өзгеше болуы мүмкін еді. 50 кг салмақтағы Шодияржон Меликузиев мүмкіндігін толық аша алмады. Шавкатжон Болтаев пен Жахонгир Зокиров барын салса да, қарсыластарына жол берді.
Бапкердің айтуынша, ерлер құрамасы Қазақстаннан тек шешуші жекпе-жекте жеңілді:
«Қазір бізде Өзбекстан тарихындағы ең мықты жас команда бар. Егер біздің құраманы кез келген командаға қарсы „стенка на стенку“ қойса — есеп, кемінде, 8:2 немесе 9:1 болар еді. Тек ауыр салмақта жеңіліс таптық. Сондықтан физикалық дайындыққа көбірек көңіл бөлуіміз қажет».
Жахонгир Зокиров финалда қазақстандық Айбек Оралбайдан жеңілген болатын. Бұл кездесуді Киличев былай бағалады:
«Бұл жеңіліс көңілге қаяу салды, бірақ трагедия емес. Айбек тәжірибесі мол, жасы да үлкен. Ол шешуші сәтте қалай әрекет етуді жақсы біледі. Жахонгир әлі жас, алдағы уақытта шыңдалады. Айбекті жеңісімен құттықтадым».
Өзбекстандық маман төрешілердің жұмысына да тоқталды:
«Әр турнирде төрешілерге қатысты түрлі пікірлер айтылады. Кей сәтте біз де риза болмадық, кейде басқа елдің өкілдері. Бұл — бокстың заңдылығы. Жалпы, төрешілік қалыпты деңгейде өтті».
Киличев IBA аясындағы әлем чемпионатына қатысу жайында нақты жауап бере алмады:
«Бұл шешімді біз қабылдамаймыз. Басшылық рұқсат етсе, әрине, қатысамыз. Мұндай мәселелер жаттықтырушыларға емес, федерацияға байланысты».