Бокстан әйелдер ұлттық құрамасының капитаны Назым Қызайбай жақын құрбысы, түрік боксшысы Бусеназ Сүрменеліні жеңілістен кейін қолдады.
Қызайбай Instagram парақшасында жүрекжарды жазбасын жариялап, құрбысына демеу танытты:
«Бұл бейнероликті қанша рет қарасам да, қайта-қайта көруге құмартамын. Өте әсерлі, әуені де ерекше.
Сен – қайсарлық пен жүрек тазалығы тоғысқан нағыз спортшысың. Құдай саған барлық жеңісті нәсіп етті: Олимпиада алтын медалі, үш дүркін әлем чемпионы атағы, Еуропа чемпионы және Еуропа ойындарының жеңімпазы болдың. Рингте бәрін бағындырдың. Бірақ ең бастысы – қарапайымдылығыңды, қарсыластарға құрметіңді және мейірімділігіңді сақтап қалдың.
Нағыз шыңға тек талант пен еңбек жеткізбейді. Ол үшін жүректе жарық, құндылықтар, тәрбиемен келген сенім мен мінез керек. Міне, сені чемпион еткен де осы – тек рингте ғана емес, өмірде де!»
Еске сала кетсек, Бусеназ Сүрменели 65 келі салмақ дәрежесінде ширек финалда Аида Әбікеедан жеңілді. Бұл жекпе-жек сенсация ретінде бағаланып, Әбікеева кейіннен әлем чемпионатының алтын медалін иеленді.