Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионаты-2025 финалдық жекпе-жегін бағалады.
Ол Qazsport арнасына берген сұхбатында жеңіліс себебі мен төрешілердің шешіміне қатысты пікір білдірді.
«Үндістандық боксшы Минакшимен бұған дейін әлем кубогында кездескенмін. Ол кезде 3:2 есебімен жеңіске жеттім. Ливерпульдегі финалда төрешілер шешімі даулы болды. Бұған дейін үш жекпе-жек өткізіп, шаршағаным сезілді. Бірінші раундта ұпайды қарсыласқа берді, екіншіде — маған. Үшінші раундта белсендірек болғанымды білемін. Бірақ рингте көп ереже бұзылды, нағыз "лас бокс" болды. Менің мақсатым үш дүркін әлем чемпионы атану еді. Ол орындалды. Бірақ мұнымен тоқтап қалмаймын», — деді ол.
48 келіге дейінгі салмақта өткен финалда қазақстандық чемпион Назым Қызайбай күтпеген жерден үнділік Минакшиге төрешілердің бөлек шешімімен жеңіліп қалды. Бұл нәтиже бокс жанкүйерлері арасында қызу талқыланып жатыр.
Жеңіліске қарамастан Қызайбай спорттық мансабын жалғастырып, жаңа жетістіктерге жетуге ниетті екенін айтты. Оның айтуынша, әлемдік аренада Қазақстан боксы үшін әлі талай жеңіс бар.