Әлемдік БАҚ-та тараған “Шавкат UFC-ден кетеді” деген ақпаратқа қазақстандық файтер алғаш рет жауап беріп, жанкүйерлерге айқын хабарлама жолдады.
Кейінгі апталарда тараған “Шавкат Рахмонов UFC-ден кетуі мүмкін” деген қауесетке нүкте қойылды. Қазақстандық жұлдыз файтер әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасап, жанкүйерлерін тыныштандырды.
Осы уақытқа дейін қарсыласынан жеңіліп көрмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов өз болашағына қатысты алып-қашпа әңгімелерге жауап берді. Ол X (бұрынғы Twitter) парақшасында:
«Күн сайын жаттығудамын. Қайтар сәт алыс емес. Октагонға қайта шығуды асыға күтіп жүрмін», — деп жазды.
Бұл мәлімдеме спортшының UFC-дегі мансабы жалғасатынын анық көрсетеді.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен шетелдік басылымдар Рахмоновтың жарақаты қайталанғанын және оның UFC-ден кетуі мүмкін екенін хабарлаған еді.
Алайда файтердің бапкері Эдуард Базров бұл ақпаратты жоққа шығарды:
«Бізге ешқандай ресми хабар келген жоқ. Шавкат жаттығуын жалғастырып жатыр, бәрі жоспар бойынша», — деді ол.
Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында октагонға шығып, ирландиялық Иэн Гэрриді (Ian Garry) айқын басымдықпен ұтқан болатын. Рахмоновтың статистикасы мінсіз қалпында — 19 жекпе-жек, 19 жеңіс, 0 жеңіліс.
UFC сарапшыларының пікірінше, келесі айқасында Шавкат титулдық жекпе-жекке бір қадам жақындайды.