АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы Wells Fargo Center аренасында WBC Continental Americas нұсқасы бойынша ауыр салмақтағы (90,7 кг-нан жоғары) вакантты чемпиондық белбеу сарапқа салынды.
Рингке канадалық Алексис Барриэр (12-1, 10 КО) мен италиялық Гуидо Вианелло (14-3-1, 12 КО) шықты.
Кездесуді солақай Барриэр жақсы бастады. Аяқпен жылдам қозғалып, қарсыласын дәл соққылармен қыспаққа алды.
Вианелло алғашқы раундтың соңында қарқынын арттырып, қарсыласты қысымға алды. Екінші раундта италиялық боксшы жақсы шабуылдар жасап, айқастың ырғағын өз қолына алғандай болды.
Алайда көп ұзамай Барриэр қайта қарқын алып, қарсы шабуылда кросс пен хук комбинацияларымен бірнеше мәрте дәл тигізді.
4-раундта Вианелло тактикасын өзгертті. Техникалық бокс орнына ашық айқасқа көшті.
Бірнеше сәтсіз әрекеттен кейін италиялық файтер қарсыласына ауыр соққы дарытып, Барриэрді тізе бүгуге мәжбүр етті.
Оны тек гонг құтқарып қалды — рефери жекпе-жекті тоқтатуға дайын тұрған еді.
Бесінші раундтың алғашқы секундтарында Вианелло қарсыласын дәл соққымен нокаутқа жіберді.
Барриэр орнынан тұруға тырысқанымен рефери санауды тоқтатты — канадалықтың жалғастыруға шамасы келмеді.
Нәтижесінде Гуидо Вианелло техникалық нокаутпен (ТКО 5) жеңіске жетіп, WBC белбеуінің иегері атанды.