Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы алдағы жекпе-жек алдында өзінің жоспарын бөлісті. Қазақ боксшысы тарихта өз есімін қалдыруды көздейді.
Қазақ боксының мақтанышы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде мансаптық мақсатын ашық айтты. Ол өзінің X (Twitter) парақшасында ерекше жазба қалдырып, өткен жекпе-жектеріндегі нокаут сәттерінен құралған видео жариялады.
«Менің басты мақсатым — өз есімімді тарихта қалдыру», — деп жазды Қазақ стилі лақап атындағы спортшы.
Бұл жазба жанкүйерлер арасында үлкен қолдау тапты. Көпшілік оны «қазақ боксының жаңа дәуірінің символы» деп бағалады.
Жәнібек Әлімханұлының келесі айқасы 6 желтоқсанда Сан-Антонио (АҚШ, Техас) қаласында өтеді. Бұл кездесуде ол орта салмақтағы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жұдырықтасып, үш титулды біріктіру мүмкіндігіне ие болады.
Бұл жекпе-жек – Әлімханұлының мансабындағы ең маңызды сәттердің бірі болмақ. Өйткені жеңіс жағдайында ол орта салмақтағы үш белдіктің иегері атанып, «абсолют» титулына тағы бір қадам жақындайды.
Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлының соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың сәуірінде Астанада өткен. Ол француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутпен жеңіп, өз белдігін сәтті қорғаған еді.