Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов 2025 жылдың соңына дейінгі ұйым жоспары мен ұлттық құраманың дайындығы туралы айтты.
«Құрметті спорт жанкүйерлері! Жыл соңына жақындадық. Алда — World Boxing Кубогы. Қазір ерлер мен әйелдер құрамалары Алматы облысы, Жанашар ауылындағы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Бұл жиындар 1–10 қараша аралығында өтуде», — деді Ақшалов.
Жаттығу жиынынан кейін ерлер мен әйелдер ұлттық құрамалары Үндістанға аттанады.
Онда 15–23 қараша аралығында өтетін World Boxing кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан намысын 5 қыз және 8 жігіт қорғайды.
Федерацияның мәліметінше, құрам толық бекітілген, дайындық белсенді жүріп жатыр.
Мерей Ақшалов елде өтетін ішкі чемпионаттардың да маңызын атап өтті:
«Бұл жарыстар — келер жылғы ұлттық құраманы жасақтауда шешуші рөл атқарады. Себебі 2026 жылы жастар арасында әлем чемпионаты және Олимпиада ойындары өтеді. Сондықтан биылғы ел чемпионаттары — сол додаларға дайындықтың басты кезеңі», — деді Ақшалов.
13–14 желтоқсан күндері Қазақстан бокс федерациясының кубогының финалдық кезеңі өтеді.
Қазірдің өзінде үш команда финалға шыққан, ал төртінші ұжым алдағы күндері анықталады.
«Жыл соңына дейінгі жоспарымыз осындай. Алдағы уақытта жаңа мақсаттар мен бастамаларды жариялайтын боламыз», — деп түйіндеді федерация бас хатшысы.