6 желтоқсанда қазақстандық кәсіпқой боксшы АҚШ-та шаршы алаңға шығады. Қарсылас - кубалық былғары қолғап шебері Эрисланди Лара.
Әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы алдағы жекпе-жекке қызу дайындық үстінде. Спортшы Instagram парақшасында жаттығу залында түскен жаңа сурет пен жазба жариялады.
«Үшінші титулымды алуға тура 1 ай қалды», — деп жазды Әлімханұлы фотосының астына.
Боксшының жазбасына мыңдаған лайк пен пікір жиналды.Жанкүйерлер өз чемпиондарын жігерлендіріп, алдағы кездесуде сәттілік тіледі:
«Нағыз сұлтансың!»
«Саған сенеміз, Жәнібек!»
«Айтқаның келсін, үшінші белбеу өзіңдікі болсын!» — деп жазды олар пікірлерде.
Көпшілік оның үшінші әлемдік белбеуін жеңіп алып, орта салмақтағы абсолютті чемпион боларына сенім білдірді.
Жәнібек Әлімханұлы 6 желтоқсанда WBA чемпионы Эрисланди Ларамен кездеседі. Бұл жекпе-жекте үш әлемдік белбеу сарапқа салынып, жеңімпаз орта салмақтағы біріктірілген чемпион атанады.