ANB Arena (Эр-Рияд, Сауд Арабиясы) алаңындағы бокс кешінде екінші жеңіл салмақтағы (52,2 кг дейін) үздіктердің унификация жекпе-жегі өтті. WBA, WBC және WBO чемпиондық белбеулері үшін айқасқа АҚШ өкілі Джесси Родригес (23-0, 16 KO) пен аргентиналық Фернандо Мартинес (18-1, 9 KO) шықты.
Фаворит саналатын солақай Родригес рингте мінсіз футворк көрсетіп, шабуыл бұрыштарын шебер құрып отырды. Мартинес тым ашық бокстасып, қарсыласының тактикалық басымдығына төтеп бере алмады. Бірінші раундта қосы боксшы да канвасқа құлағанымен нокдаун тіркелген жоқ.
Мартинес қысымды арттыруға тырысқанымен әрекеті нәтижесіз болды. Әр шабуылында босқа алға ұмтылып, Родригестің қақпанына түсіп жатты.
Америкалық боксшы қарсыласының мұрнын сындырып, джебтерімен және корпусқа бағытталған ауыр контрсоққыларымен айқастың толық бақылауын өз қолына алды.
Аргентиналық жиі клинчке жүгініп, сенімсіз көрінді. Мұрнының жарақаты да оның жағдайын одан әрі қиылтты. Родригес болса, асықпай жоспарлы түрде Мартинесті жазаға тартып жатқандай бокстасты. Бұл оның қарсыласының жекпе-жек алдындағы трэштокына жауап секілді болды.
Оныншы раундта Родригес қарсыласына бірінші нөмірмен жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, дәл сәтін күтті. Мартинес шабуылға шыққан сәтте америкалық сол қолымен жойқын кросс жасады.
Фернандо Мартинес ауыр соққыдан кейін құлап түсті және орнынан тұруға әрекеттенбеді. Джесси Родригес — нокаут, 10-раунд. Унификацияланған үш белбеудің иегері мәртебесін сақтап қалды.