Британдық БАҚ Геннадий Головкиннің World Boxing президенті ретінде бірден үш ірі қиындықпен бетпе-бет келетінін жазды. GGG-дің мінсіз беделіне қарамастан, ұйымда проблемалар жеткілікті.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда даңқты боксшымыз Римде өткен конгресс кезінде World Boxing (WB) ұйымының жаңа президенті болып сайланды. Жиынға қатысқан делегаттар оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Осы ретте, британдық CMboxing.co.uk басылымы Головкинді жүйелі әрі жаһандық деңгейдегі күрделі қиындықтар күтіп тұрғанын жазады.
Басты үш проблема мынадай:
- Жемқорлық. Басылымның айтуынша, IBA-ның мәселелері атап айтқанда, төрешілермен байланысты даулар, басқарудағы қателіктер және қаржылық хаос жылдар бойы жалғасып келеді.
- Тұрақсыз қаржыландыру. World Boxing — ХОК тарапынан мойындалған жас ұйым. Қаржыландыру тұрақты емес. Ал әлемдік әуесқой бокстың жүйесін тек ынта-жігермен өзгерту мүмкін емес.
- Саяси бөлініс. Кейбір елдер IBA-дан теріс айналды, кейбірі онымен бірге қалды, ал енді бір бөлігі екі жаққа да бейімделуге тырысып отыр. Саяси карта «Брекситтен кейінгі Еуропаға» ұқсайды және Головкиннен дереу бірлік орнатуды талап етеді.
Сондықтан Головкиннің алдында тұрған басты міндеттерінің бірі — әлемдік бокс қауымдастығын қайта біріктіру.
Головкиннің бағдарламасы:
- Боксты Олимпиадада сақтап қалу. GGG бұған кепілдік болуы тиіс екенін айтты.
- Беделді қалпына келтіру. «Дұрыс басқару — спортшыларды да, бокстың өзін де қорғайтын дүние».
- Манифест қағидаттары. Бағдарлама спортшылардың басымдығына, қаржылық тұрақтылыққа, ашықтыққа және саланы жаңғыртуға негізделген.
- Көшбасшылық модель. «Лидерлік — адамдардың үстінен қарау емес. Лидерлік — олармен бірге болу».