Дубайда өтетін дүбірлі додада әлемнің 95 елінен келген боксшы бақ сынайды.
Бүгін Дубайда бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты ресми түрде басталды. Әлемнің 95 елінен мықты былғары қолғап шеберлері жиналған додада Қазақстан атынан 13 салмақта – 13 боксшы өнер көрсетеді.
Ел намысын қорғайтын спортшылардың арасында Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Абылайхан Жүсіпов сынды халықаралық аренаның жұлдыздары бар.
Құрама жаттықтырушыларының айтуынша, команда бабында, мақсат – алтыннан алқа тағу.
Бір айта кетерлігі, чемпионаттың жүлде қоры рекордтық деңгейде.
Мұндай сыйақы мөлшері әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты боксшылардың келуіне ықпал еткені сөзсіз.
Бокс сарапшысы Жандос Айтбайұлы да бұл турнирдің деңгейі өте жоғары екенін атап өтті:
«Бұл жерде ресейлік, өзбекстандық боксшылар бар. Кіл мықтыларын алып келген. Тіпті Олимпиада чемпиондары бар. Енді мынадай қомақты қаржы болғаннан кейін ешкіи IBA-ға шекеден қарап жатқан жоқ. Сондықтан 2 алтын алып жатсақ, үлкен жетістік. Қоласы, күмісі тағы бар. Алтын көп болып жатса, біздер үшін де керемет. Жанкүйерлердің күтіп отырғаны сол. Жігіттер аянып қалмасы анық.», – деді сарапшы.