Қазақ боксшысы Оразбек Асылқұлов (57 кг) БАӘ-де өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты. Ол Ресей өкілі Андрей Пегливанянды жеңді.
Бірінші раундтан бастап-ақ қазақстандық боксшы толық басымдық орнатты. Асылқұлов қашықтықты шебер бақылап, жылдамдығы мен дәл соққыларының арқасында ресейлікті бірнеше мәрте «жұтқызып» алды. Төрешілер бірауыздан раундты 5:0 есебімен Оразбектің пайдасына жазды.
Екінші үш минуттықта да сценарий өзгерген жоқ. Оразбек темпті түсірмей, Пегливанянды қысымда ұстады. Қазақстандық боксшының джебтері мен қарсы соққылары ресейлікке көп қиындық туғызды.
Шешуші үшінші раундта да Асылқұлов тактикасын өзгерткен жоқ. Қауіп-қатерге бармай, басымдығын сақтауға басымдық берді.
Нәтижесінде жекпе-жектің жалпы картинасы өзгермей, Оразбек турнирдің финалына сенімді түрде шықты. Ал Андрей Пегливанян әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Бір маңызды жайтты бөле-жара айту керек. Дәл осы Оразбек Асылқұлов 2023 жылы Өзбекстанның олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковты соңғы рет жеңген боксшы ретінде тарихта қалды.
Ол кезде жекпе-жек 57 келіге дейінгі салмақта Болгарияда өткен «Странджа кубогында» өтті. Сол сайыста қазақстандық былғары қолғап шебері Халоковты айқын басымдықпен тоқтатып, өзбек жұлдызы үшін нағыз «қорқынышқа» айналған еді.
Қазір Абдумалик Халоков 60 кг салмақта өнер көрсетеді, бірақ жанкүйерлер мен мамандар оның Асылқұловтан алған сол жеңілісін әлі жиі еске алады. Сондықтан да Оразбекке «Абдумалик Халоковтың қорқынышы» деген бейресми лақап ат телініп жүр.